Қазақстандық файтер Әліби Ыдырыс (10-1) UFC-дегі алғашқы ресми жекпе-жегін сәтті өткізіп, жеңіске жетті.
Ол АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында өткен UFC Fight Night 267 турнирінде ямайкалық файтер Оди Осборн (13-9) қарсыласымен октагонға шықты.
Ең жеңіл салмақта өткен кездесу үш раундқа жоспарланып, толық уақытқа созылды. Үш раунд бойы белсенділік танытқан қазақстандық спортшы төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңімпаз атанды.
Осылайша, Әліби Ыдырыс кәсіби мансабындағы 11-ші жеңісін тіркеп, UFC-дегі алғашқы ресми қадамын сәтті бастады. Ал Оди Осборн үшін бұл ММА-дегі оныншы жеңіліс болды.
Айта кетейік, бұған дейін Ыдырыс UFC турнирінде өнер көрсеткенімен, ол жекпе-жекте тек промоушенмен келісімшарт ұтысқа тігілген болатын. Кейін қазақстандық файтер UFC ұйымымен төрт жекпе-жекке арналған келісімшартқа қол қойды.
Еске салсақ, бұған дейін тағы бір қазақстандық спортшы Николай Веретенников Лас-Вегаста өткен UFC Vegas 113 турнирінде сәтті өнер көрсетіп, UFC-де алғаш рет бонустық сыйақыға ие болған еді.
