Алматының «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Қазақстан Суперкубогы аясында Қостанайдың Тобыл командасына қарсы өтетін ойын алдындағы дайындық жайында пікір білдірді.
Бас бапкердің айтуынша, команда жаңа маусымның басталуын асыға күтіп отыр және жанкүйерлерге тартысты, сапалы ойын көрсетуге ниетті.
– Жаңа маусымның басталуын тағатсыздана күтіп отырмыз. Ертеңгі матчта жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз. Әрине, маусым басы болғандықтан командалар әлі толық бабына келе қойған жоқ. Бұл – чемпионат алдындағы бас репетиция іспетті кездесу, – деді Рафаэль Уразбахтин.
Дастан Сәтпаев ойынға дайын
Бапкер Дастан Сәтпаевтың жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, ойыншы жалпы топпен жаттығып жүр, медициналық штаб матчқа қатысуына рұқсат берген. Дегенмен нақты қанша уақыт алаңда болатыны ойын барысында шешіледі.
Дайындықтағы өзгерістер
Уразбахтин биылғы маусым алдындағы дайындықтың былтырғы жылмен салыстырғанда өзгеше болғанын атап өтті. Егер өткен жылы Суперкубок 22 ақпанда өтсе, биыл алғашқы ресми ойын 20 қаңтарда ұйымдастырылған. Соған байланысты дайындық мерзімі қысқарып, жүктеме ертерек басталған.
– Ойыншылар демалыс кезінде жеке бағдарлама бойынша жұмыс істеді. Жиынға нөлдік жағдайда келген жоқ. Дегенмен «Брюггеге» қарсы ойында жылдамдық жетіспеді. Ал төзімділік жағынан мәселе болған жоқ, – деді ол.
Қақпашы және трансфер мәселесі
Темірлан Анарбеков қазіргі таңда команданың бірінші нөмірлі қақпашысы екені айтылды. Бапкер ресми ұсыныстар туралы ақпарат жоқ екенін жеткізді, алайда тиімді ұсыныс түссе, клуб ойыншыны ұстап қалмайтынын мәлімдеді.
Қысқы трансферлік кезеңде сегіз ойыншы кеткенімен, төртеуі ғана келген. Сонымен қатар легионерлер саны онға дейін қысқартылған. Қазір барлық позициялар жабық, клуб жастарға сенім артып отыр.
Тактикалық өзгерістер
Бапкер команда құрамын жасарту, жылдамдық пен мобильділік қосу мақсаты тұрғанын айтты. Негізгі ойын стилі сақталады, бірақ вариативтілік артпақ.
– Қазіргі футболда топ-командалар шабуылда бір, қорғаныста басқа схема қолданады. Біз де соған ұмтыламыз, – деді ол.
Күз-көктем жүйесі жайында
Чемпиондар лигасындағы тәжірибеден кейін Қазақстан футболының күз-көктем жүйесіне көшуі мәселесі туралы сұраққа жауап берген Уразбахтин бұл идеяны қолдайтынын, алайда алдымен инфрақұрылымды дамыту қажет екенін айтты. Оның сөзінше, мәселе ең алдымен стадиондар мен алаңдардың жағдайына байланысты.
Айта кетейік, Қазақстан Суперкубогы үшін «Қайрат» пен «Тобыл» арасындағы матч 28 ақпанда Астана Арена стадионында өтеді.
