Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарФутбол

Талғат Байсуфинов Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен кетті

Фото: ҚФФ

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов қызметінен кетті. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) баспасөз қызметі ресми мәлімдеді.

Федерацияның хабарлауынша, маман өз еркімен отставкаға кету туралы өтініш берген. ҚФФ бұл шешімді өкінішпен қабылдап, бапкердің таңдауына құрметпен қарағанын атап өтті.

«Қазақстан футбол федерациясы Талғат Маруаұлы Байсуфиновтың ұлттық құраманың бас бапкері қызметінен кету туралы шешімін құрметпен қабылдайды. Федерация оның отставкасын өкінішпен қабылдады», – делінген ресми хабарламада.

Байсуфинов ұлттық құраманы 2025 жылдың қазан айынан бері жаттықтырды. Оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде үш матч өткізіп, бірде-бір рет жеңілген жоқ. Қазақстан Лихтенштейнді 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, Солтүстік Македониямен (1:1) және Бельгиямен (1:1) тең түсті.

Сондай-ақ қазақстандық команда FIFA Series халықаралық турнирінде жеңіске жетіп, жолдастық кездесулерде Армениямен тең ойнады (1:1) және Венгриядан жеңілді (1:3).

ҚФФ Талғат Байсуфиновтың ұлттық құраманың дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«Федерация Талғат Маруаұлын кәсібилігі, футболға деген адалдығы және Қазақстан ұлттық құрамасының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдіреді. Оған алдағы қызметінде табыс тілейміз», – деп мәлімдеді ҚФФ.

Әзірге ұлттық құраманың жаңа бас бапкері кім болатыны белгісіз. Федерация бапкерлер штабына қатысты шешімдер туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Байсуфиновтың қызметінен кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын. Алайда сол кезде ҚФФ бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарған еді.

Ұқсас жаңалықтар

Тоғызқұмалақтың атауын өзгертуге Үкімет қарсы шықты

Redaktor

Ұлттық спорт қауымдастығы тағы бір федерациямен толықты

Redaktor

Күн сайын түрме мен аурухананың арасында жүрдім – Баян Есентаеваның үлкен қызы

Redaktor