Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ-тағы үйінде болған өрттің видеосын жариялады.
Кадрлардан жалынның қатты болғанын, үйге едәуір зиян келгенін және оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілердің тілсіз жаумен күресіп жатқанын көруге болады.
Спортшының айтуынша, оқиға қасиетті Рамазан айында ауызашарға дайындалып жатқан сәтте болған.
«Ассалаумағалейкум, достар! Көріп тұрғандарыңыздай, үйіміз өртеніп кетті. Қасиетті Рамазан айында бұл – Алланың бізге жіберген кішкентай сынағы. Бұл үйде біз талай досты, чемпиондар мен батырларды күткен едік», — дейді боксшы.
Әшкеевтің айтуынша, шамамен сағат төрт шамасында Ержан есімді досы оларды ауызашарға шақырған. Отбасымен сыртқа шығуға дайындалып жатқанда ол үй ішінен күйіктің иісін сезген.
«Балалардан, үйдегілерден ештеңе жанып жатқан жоқ па деп сұрадым. Олар бәрі дұрыс екенін айтты. Бір кезде гаражды ашсам, үйдің жартысы отқа оранып, айналаны қара түтін басып кеткен», – дейді спортшы.
Ол бірден балаларды және үйдегілердің барлығын сыртқа алып шыққан. Алайда кейін бір баланың үйде қалып қойғанын байқайды.
«Бір сәтте бір бала жетіспейтінін аңғардым. Қарасам, Алдияр жоқ екен. Ол екінші қабатта қалып қойыпты. Айқайлап жүріп, оны да алып шықтық», – деді Әшкеев.
Боксшының айтуынша, ең бастысы – отбасы мүшелерінің барлығы аман. Дегенмен үйдің жартысы жанып кеткен. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері өртті тез арада ауыздықтаған.
Қазіргі уақытта Әшкеевтің отбасы уақытша достарының үйінде тұрып жатыр. Спортшы Америкадағы достары көмектесуге дайын екенін де атап өтті.
