WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы рейтингте бірінші орында тұрған қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтановтың әлем чемпионы Карлос Адамеспен жекпе-жегі неге кешеуілдеп жатыр?
Мейірім Нұрсұлтанов қазіргі таңда чемпиондық белбеу үшін міндетті үміткер саналады. Соған қарамастан, Карлос Адамеспен өтуі тиіс титулдық кездесу әлі күнге дейін ұйымдастырылған жоқ.
Әзірге жеңіліс көрмеген қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылдың қараша айында шаршы алаңға шыққан. Ташкентте өткен сол жекпе-жекте ол чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген болатын. Осы жеңістен кейін Нұрсұлтанов WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамеске міндетті қарсылас мәртебесін иеленді.
Алайда спортшының ұзақ уақыт бойы рингке шықпауы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясын алаңдатып отыр. Федерация президенті Рахымжан Ерденбеков бұл мәселені WBC басшысы Маурисио Сүлейманмен жеке кездесуде көтергенін мәлімдеді.
WBC-нің соңғы конвенциясы барысында мен Мейірім Нұрсұлтановқа қатысты мәселені арнайы қозғадым. Маурисио Сүлейманмен оның визаға байланысты қиындықтарын талқыладық. Қазіргі таңда негізгі кедергі – АҚШ визасын алу мәселесі. WBC бұл бағытта көмектесуге уәде берді. Сонымен қатар Нұрсұлтанов Адамеспен кездесуге дейін тағы бір жекпе-жек өткізуі керек. Осыдан кейін ол чемпиондық айқасқа дайындалады, – деді Рахымжан Ерденбеков.
