Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарКүрес

«ASSYL ARLAN – 2026» турнирінің жеңімпаздары анықталды

ASSYLTAS қоғамдық қоры

Абай облысының Ақсуат ауданында «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі аясында қазақ күресінен өткен «ASSYL ARLAN – 2026» республикалық турнирі өз мәресіне жетті. Ұлттық спортты ұлықтаған ауқымды фестиваль ел руханияты мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптеудің үздік үлгісіне айналып отыр.

«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі жыл сайын ұлттық спорт, өнер және руханиятты тоғыстырып, туған жердің дамуына серпін беретін ірі қоғамдық жоба ретінде қалыптасты. Биылғы шара да бұрынғы дәстүрді жалғастырып, Ақсуат төрін дүбірлі дода мен рухты бәсекеге бөледі. Фестивальдің бас демеушісі әрі қолдаушысы – ASSYLTAS қоғамдық қоры және қордың негізін қалаушы, меценат Дулат Тұрсынұлы Тастекей.

«ASSYL ARLAN» турнирі – соңғы жылдары қазақ күресінің ең беделді әрі жүлде қоры бойынша ең ауқымды жарыстардың біріне айналған республикалық жоба. Бұл бастама ұлттық спортты қолдауға, жас балуандарға жаңа мүмкіндік беруге және қазақ күресінің беделін арттыруға бағытталған.

Ақсуаттағы биылғы додаға еліміздің әр өңірінен келген таңдаулы балуандар қатысып, жоғары деңгейдегі тартысты белдесулер өткізді. Әлем және Азия чемпиондары, Қазақстан чемпиондары, «Қазақстан Барысы» мен «Әлем Барысы» додаларының жеңімпаздары бозкілемде күш сынасты.

Жарыс екі салмақ дәрежесі бойынша өтті: -60 келі (өгіз балуан) және түйе балуан санаты. Әр белдесу көрермендер тарапынан ерекше қызығушылық тудырып, қазақ күресінің техникалық және рухани мәнін айқындай түсті.

ASSYLTAS қоғамдық қоры

Өгіз балуан (-60 келі) салмағында Астана қаласының өкілі Қылыш Еренқайыпов жеңімпаз атанды. Павлодарлық Асылжан Гайсаев екінші орынды иеленсе, Қарағанды облысынан Еламан Хуанбай мен Қызылорда облысынан Руслан Теміржан үшінші орынға тұрақтады.

Ал түйе балуан санатында Алматы облысының балуаны Мәди Еділбаев бас жүлдені жеңіп алды. Финалда Маңғыстау облысының өкілі Нұрдәулет Жарылғапов екінші орынға ие болса, Абай облысынан Дәурен Нұралинов пен Жамбыл облысынан Ғалымжан Қырықбай үшінші орынды бөлісті.

Турнирдің ерекшелігі – қатысушылар деңгейінің өте жоғары болуында. Бұл қазақ күресінің дамып, жаңа белеске көтерілгенін және ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.

«ASSYL ARLAN» турнирі тек спорттық бәсеке ғана емес, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын, ұлттық рухты жаңғыртатын ауқымды турнир. Қазақ күресі арқылы елдік сана мен дәстүр сабақтастығын насихаттау – фестивальдің негізгі бағытының бірі.

Ақсуат төрінде өткен дүбірлі дода көрерменге жоғары деңгейдегі спорттық тартыс сыйлап, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімін айқындады. «ASSYL ARLAN – 2026» турнирі ұлттық спорттың абыройын асқақтатқан айтулы дода ретінде есте қалды.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыдағы қысқы Азия ойындарына жаңа спорт нысандары салынбайды – Серік Жарасбаев

Redaktor

«Барыс» Ресейдің ортаңқол командасынан оңбай жеңілді

Redaktor

Ресейді қолдаған ФИФА президенті «Миротворец» тізіміне енді

Redaktor