Beksports спорт порталы
Басқа спорт түрлеріБасты ақпаратЖаңалықтар

Ризабек Айтмұхан мен Ғұсман Қырғызбаевқа ХОК стипендиясы берілді

Фото: uww.org

2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиадаға дайындық аясында Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) жеке стипендиялық бағдарламасына енген қазақстандық спортшыларға алғашқы қаржылық төлем жасалды.

Әрбір спортшыға 2500 АҚШ доллары көлемінде қаражат берілді.

Аталған бағдарлама Олимпиадаға іріктеу кезеңі мен дайындық барысында спортшыларға қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған. Қазақстандық атлеттердің стипендия иегерлері қатарына қосылуына Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті бастамашы болды. ҰОК ұлттық федерациялармен және ХОК-пен бірлесіп жұмыс жүргізіп, өтінім беру процесін толық үйлестірді.

Стипендия 2028 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген жеке спорт түрлерінде бақ сынайтын спортшыларға беріледі. Іріктеу барысында үміткерлердің нәтижелері, Олимпиадаға жолдама алуға мүмкіндігі және жоғары нәтиже көрсету әлеуеті басты назарға алынды. Сонымен қатар допингке қатысты ереже бұзушылықтардың болмауы және Олимпиадалық хартия талаптарына қайшы келетін жайттардың жоқтығы маңызды талаптардың бірі болды.

Бөлінген қаражат оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, жеке дайындыққа, жаттықтырушылар мен мамандардың еңбекақысын төлеуге, медициналық және ғылыми қолдауға, сақтандыруға, сондай-ақ, тұру мен тамақтану шығындарын өтеуге жұмсалуы мүмкін. Қаржының жұмсалуы белгіленген тәртіпке сай тұрақты түрде есепке алынады.

Қазақстан атынан стипендия иегерлері атанған спортшылар:

— Аида Әбікеева (бокс)

— Сағындық Тоғамбай (бокс)

— Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо)

— Әбиба Әбужақынова (дзюдо)

— Милад Карими (спорттық гимнастика)

— Руслан Курбанов (семсерлесу)

— Исхар Курбаев (грек-рим күресі)

— Ризабек Айтмұхан (еркін күрес)

— Зейнеп Баянова (әйелдер күресі)

— Мария Бровкова (ескек есу — байдарка/каное)

— Александра Ле (нысана көздеу)

— Ислам Сәтпаев (нысана көздеу)

— Әмір Маймұратов (спорттық құзға өрмелеу)

— Батырхан Төлеуғали (таеквондо)

— Алан Құрманғалиев (үстел теннисі)

— Елизавета Матвеева (жеңіл атлетика)

— Әсем Орынбай (стенд ату)

— Сергей Петрович (ауыр атлетика)

— Арай Нұрлыбекова (ауыр атлетика)

— Данил Мусабаев (батуттағы гимнастика)

ХОК-тың бұл стипендиялық бағдарламасы спортшыларға қосымша мүмкіндік беріп, олардың Олимпиадаға іріктеуден сәтті өтіп, жоғары нәтижеге жетуіне жағдай жасауға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

ҚПЛ-дың екінші туры қалай өтті?

Redaktor

Сенсация! Қазақ балуаны әйгілі Олимпиада чемпионын жеңіп кетті

Redaktor

Отандық танымал бапкер Сәкен Бибосыновтың әділетсіз әлем чемпионы атанғанын айтты

Redaktor