Қазақстандағы ең танымал футболшылардың бірі, қақпашы Шерхан Қалмырза алматылық Қайрат клубымен жаңа келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, 18 жастағы голкипердің «Қайратпен» жасасқан жаңа келісімі 2028 жылдың 30 қарашасына дейін жарамды.
Еске сала кетейік, биылғы маусымда Шерхан Қалмырза негізгі құрам сапында УЕФА Чемпиондар лигасында екі матч өткізді. Бұл оған команданың бірден екі негізгі қақпашысы жарақат алғаннан кейін мүмкіндік туды.
Жас қақпашы алматылықтардың жалпы кезеңдегі алғашқы ойынында Португалияның Спортинг командасына қарсы кездесуде пенальтиді қайтарды. Кейін Мадридтің Реал Мадрид клубына қарсы матчта бірнеше әсерлі сейв жасап, жанкүйерлердің назарын өзіне аударды.
«Реал Мадридпен» өткен ойыннан кейін Шерхан Қалмырзаның әлеуметтік желідегі парақшасына 200 мыңнан астам адам жазылып, ол Қазақстандағы ең танымал футболшы атанды. Қазіргі таңда жас голкипердің Instagram желісіндегі жазылушыларының саны 321 мыңға жетті.
2025 жылдың соңында Тараз футбол клубының директоры Дидар Садықбек команда сапын «Қайраттың» қақпашысы Шерхан Қалмырзамен күшейтуі мүмкін екенін айтқан болатын. Бұған қақпашының әкесінің Жамбыл облысынан шыққаны себеп ретінде көрсетілген.
Кейінірек БАҚ беттерінде Шерхан Қалмырзаның «Қайратпен» жаңа келісімшартқа қол қойғаны туралы ақпарат тарағанымен, клуб бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарған еді. Алайда енді бұл ақпарат расталып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін алматылық «Қайрат» Шерхан Қалмырзамен бірге Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі соңғы матчта Англияның Арсенал командасына қарсы ойнау үшін Лондон қаласына аттанған болатын.
