Қазақстан Премьер-лигасының ІХ турында елордалық «Астана» өз алаңында петропавлдық «Қызылжар» командасын 2:1 есебімен жеңді.
Кездесу тартысты әрі сақ басталды. Алғашқы таймда қос команда бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмай, үзіліске 0:0 есебімен аттанды.
Екінші тайм басталысымен қонақтар есеп ашты. 47-минутта Юрий Перцух баспен дәл соққы жасап, «Қызылжарды» алға шығарды. Алайда елордалық клуб жылдам жауап қайырды.
54-минутта Ян Вороговский таразы басын теңестірсе, араға төрт минут салып Карло Бартолец жеңіс голын соқты. Матч соңында ойын қыза түсіп, 89-минутта қонақтар сапындағы Бугре өрескел ойыны үшін алаңнан қуылды.
Осылайша «Астана» маңызды жеңіске қол жеткізіп, турнирлік кестеде 15 ұпаймен үздік бестікке көтерілді. Ал «Қызылжар» 11 ұпаймен орта тұста қалды.
Турдың өзге матчтарында Жетісу өз алаңында Жеңіс командасына 2:3 есебімен жол берсе, Елімай клубы Каспий командасынан 0:1 есебімен жеңілді. Ал Оқжетпес пен Атырау арасындағы кездесу 0:0 есебімен аяқталды.
Бүгін, 10 мамырда Премьер-лигада тағы үш ойын өтеді: «Ұлытау» – «Қайрат», «Алтай – Ордабасы» және «Ақтөбе» – «Қайсар» кездесулері жоспарланған.
