Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарҚысқы спорт түрлері

Михаил Шайдоров Олимпиададағы костюмін мұражайға тапсырды

Фото: ҰОК

Мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиада ойындарында еркін бағдарламада киген костюмін Олимпиада мұражайына табыстады. Бұл туралы ҰОК мәлімдеді.

Салтанатты рәсім Италияның Милан қаласындағы Конькимен жүгіру спорты үйінде өтті.

Фото: ҰОК

Іс-шараға Халықаралық конькимен жүгірушілер одағының президенті Ким Чжэ Ёль, Олимпиада мұражайы директорының орынбасары Ясмин Майхтри, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин қатысты.

ҚР ҰОК басшысы Шайдоровтың жеңісі Қазақстан мәнерлеп сырғанауының тарихындағы алғашқы олимпиадалық алтын медаль екенін атап өтті.

«Костюмнің Олимпиада мұражайына тапсырылуы миллиондаған адамға чемпионымыздың мұрасын көруге мүмкіндік береді.

Бұл костюм жас спортшылардың арманға ұмтылып, өзіне сенуіне ықпал етіп, жігерлендіреді. Михаил, осы сыйлығың үшін рақмет. Біз сені мақтан тұтамыз», – деді Геннадий Головкин.

Михаил Шайдоров бұл оқиғаның өзі үшін айрықша мәні бар екенін айтты.

«Костюмімді Олимпиада мұражайына тапсыру – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Бүгін осында тұрып, арманымның бір бөлігі әлемдік олимпиадалық мұраға айналатынына қуаныштымын. Бұл костюм – олимпиадалық арманға бастаған жолымыздың нышаны. Енді оның Қазақстан атынан әлемдік олимпиадалық қозғалыс жәдігерлерінің қатарында орналасуы мен үшін ерекше мәнге ие, — деді Шайдоров.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров бұл костюммен Олимпиадаға дейін Гран-при финалында да өнер көрсеткен. Алайда төртжылдықтың басты додасына дейін киім қайта толықтырылып, жетілдірілді. Спортшы қазақстандық дизайнерлермен бірге ғарыш кеңістігін бейнелейтін қанық көк түсті таңдаған. Бұл түс «Бесінші элемент» фильмінің тұтас атмосферасын айқын көрсетеді. Дизайны жұлдыздарды еске түсіретін шыны әшекейлер және тастармен толықтырылған.

Еске сала кетейік, Михаил Шайдоров Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, тәуелсіз Қазақстан тарихында қысқы спорт түрлерінен шыққан екінші Олимпиада чемпионы атанды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Норвегиямен тең ойнады

Redaktor

Дамир САДЫРОВ: Мектеп спорт залынан әлемдік джиу-джитсу татамилеріне дейін

admin_beksports

Шетелдік жанкүйерлер Жәнібек Әлімханұлын жазалауды талап етті

Redaktor