Қазақстандық танымал әнші Жазира Байырбекова тойдан кейінгі отбасындағы қызықты сәттерімен бөлісті. Өнер иесі жаңа түскен келіні Асылыға қатысты көзқарасын айтып, оған қоятын талаптарының жеңіл екенін жеткізді.
Әншінің айтуынша, келініне күнделікті орамал тағып, үнемі сәлем салуды міндеттемейді.
«Үйде орамал тақпай-ақ қой, ауылдан қонақтар келгенде тағасың. Күнде сәлем салмай-ақ қой. Басқа жақтан келгенде салсаң болады», – деді ол.
Сондай-ақ Жазира Байырбекова келінін тек үй шаруасымен шектегісі келмейтінін атап өтті. Асылының үш тіл білетінін айтып, оның сырттағы жұмысқа араласқанын құптайтынын жеткізді.
«Үй шаруасына да онша салып жатқан жоқпын. Қабілеті бар, 3 тіл біледі, одан да сырттың жұмысымен айналыссын деймін. Қазыбек екеуінің кәсіптерін істесін деймін», – деді әнші.
Сонымен қатар, ол ұлын үйлендіру көптен бергі арманы болғанын жасырмады.
«Керемет сезім. Тек Аллаға шүкіршілік айтумен болдым. Ұлымыз туғаннан үйлендірсек деп армандадық қой», – деп бөлісті өнер иесі.
Желі қолданушылары әншінің бұл пікіріне оң көзқарас танытып, жылы лебіздерін білдірді. Көпшілік оның заманауи әрі түсіністікпен қарайтын ене екенін атап өтті.
