Beksports спорт порталы
ЖаңалықтарФутбол

Криштиану Роналду жарақатынан айығып, дубль жасады

Фото авторы: X / Cristiano Ronaldo

Сауд Арабиясы чемпионатының 27-туры аясында «Әл-Наср» өз алаңында «Әл-Наджманы» қабылдап, 5:2 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Кездесудегі есепті алғаш болып қонақтар ашты. Матчтың 44-минутында Ракан Әл-Тулайхи мергендік танытып, «Әл-Наджманы» алға шығарған еді. Алайда эр-риядтық клуб үзіліске дейін таразы басын өз пайдасына аударып үлгерді.

Қосымша минуттарда алаң иелері бірден екі гол соқты. Алдымен Абдулла Әл-Хамдан есепті теңестірсе, артынша Садио Мане 45+9-минутта командасын алға шығарды.

Екінші тайм басталған соң қонақтар да қарымта қайтарды. Фелиппе Кардосо есепті теңестіріп, интриганы қайта жандандырған. Дегенмен, бұдан кейін «Әл-Наджманың» шамасы жетпеді.

56-минутта Криштиану Роналду пенальтиден мүлт кетпей, «Әл-Насрды» қайта алға шығарды. Ал 73-минутта португалиялық шабуылшы әріптесінің пасын сәтті пайдаланып, дубль авторы атанды. Матчтың соңғы нүктесін қосымша уақытта Садио Мане қойды.

Бұл ойын Криштиану Роналду үшін жарақаттан кейінгі алғашқы матч болды. Португалиялық футболшы бұған дейін жамбас жарақатына байланысты алаңнан тыс қалған еді. Осы кездесудегі екі голының арқасында оның кәсіби мансабындағы гол саны 967-ге жетті.

Осылайша, «Әл-Наср» маңызды үш ұпай еншілеп, турнир кестесіндегі көшбасшылық орнын сақтап қалды. Команданың еншісінде қазір 70 ұпай бар.

Ұқсас жаңалықтар

Чемпионатта әлі де бәсекелестік деңгейі жоғары емес — Әсем Қаражанова

Redaktor

Милан-2026 қысқы Олимпиадасында Қазақстан туын ұстайтын спортшылардың есімдері белгілі болды

Redaktor

Сметов жеңе алмаған жапонның танымал дзюдошысы үлкен спортқа оралады

Redaktor