Алматылық «Қайрат» командасының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин «Тобылға» қарсы өткен суперкубок матчынан кейін пікірін білдірді.
Бапкердің айтуынша, команда кездесудің алғашқы және соңғы минуттарында ойынды толық бақылай алмады. Уразбахтин ойыншылардың өткен маусымдағы жетістіктеріне мастанып, босаңсып кеткенін ашық жеткізді.
Шынымды айтсам, дәл осыны мен киім ауыстыру бөлмесінде жігіттерге де айтып шықтым. Біз ойынның алғашқы 10 минуты мен соңғы 10 минутын сәтсіз өткіздік. Алғашқы минуттарда команда стадионға мүлдем келмегендей әсер қалдырды. Бұл немен байланысты – бәлкім, әлі де Чемпиондар лигасының екінші кезеңіне шыққанымызды тойлап жүрген шығармыз. Бірақ мен жігіттерге бұлай жалғаса алмайтынын ескерттім. Өткен жылғы жетістіктерді ұмыту керек, – деді бас бапкер.
Сонымен қатар, Уразбахтин «Қайратқа» қарсы кез келген команда барын салып ойнайтынын атап өтті. Сондықтан ұлттық командаға бәрін қайтадан нөлден бастау қажет екенін түсіндірген.
Бізге өзімізді аспаннан жерге түсіру керек. Жігіттерге де солай айттым: бәрін нөлден бастауға тура келеді. Биыл қарсылас командалар, қай лигада болса да, күшті келеді. Ойынның ортасында мүмкіндіктер жасағанымызбен, гол соға алмадық. Есеп 2:1 болып қалып, бұл бізге үлкен сабақ болады, – деп түйіндеді Рафаэль Уразбахтин.
