Дінмұхамбет Сүлейменов Қазақстанның футзалдан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабына қосылып, команданың бас бапкерінің ассистенті болып тағайындалды.
Ол Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері – Рикардо Камара Собрал (Какау) жетекшілік ететін штабта жұмыс істейді. Айта кетейік, Сүлейменов бұған дейін Какаудың қол астында Қазақстан ұлттық құрамасы мен Қайрат АФК сапында ойнап, клубтық және халықаралық деңгейде бірқатар табысты нәтижелерге қол жеткізген.
Дінмұхамбет Сүлейменов кәсіби мансабын 1999 жылы Ақтау МФК құрамында бастады. 2001 жылы Иранның Тегеран қаласында өткен матчта Қазақстан ұлттық құрамасы сапында дебют жасады.
«Қайрат» клубында ол Қазақстанның он дүркін чемпионы, футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазы атанды. Ал ұлттық құрама сапында 2016 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ әлем және Азия чемпионаттарының қатысушысы болды. Үш мәрте Қазақстанның ең үздік футзалшысы деп танылған.
Қазақстан құрамасы сапында Сүлейменов 100 матч өткізіп, ұлттық команда тарихындағы ең көп ойын өткізген футболшылардың бірі атанды. Бұл көрсеткіш бойынша ол тек Игита мен Шыңғыс Есенамановқа ғана жол береді.
Көп жылдар бойы ұлттық құраманың капитаны болған ол команданың басты көшбасшыларының бірі саналды.
Ойыншылық мансабын аяқтағаннан кейін Дінмұхамбет Сүлейменов футзалдан Каспий командасының бас бапкері болып жұмыс істеді. Сондай-ақ Ордабасы клубының жаттықтырушылар штабына кірді. Қазіргі уақытта ол Тараз-Омега командасының бас бапкері қызметін атқарып келеді.
