Қазақстан жастар құрамасы бокстан Futures Cup турнирін сәтті аяқтады. World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өткен жарыста отандастарымыз 11 медаль еншіледі.
Осы орайда, ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Бақыт Сәрсекбаев Olympic.kz сайтына берген сұхбатында жас боксшылардың өнеріне баға беріп, Олимпиадалық жолдамалардың үйлестірілуі туралы айтып берді.
Айта кетейік, қазақстандық жас боксшылар халықаралық жарыста төрт алтын, төрт күміс және үш қола медаль жеңіп алған еді.
«Жастардың өсіп келе жатқаны — қуантарлық жағдай. Болашақта Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын буын қалыптасып келе жатыр. Әсіресе, соңғы уақытта ұлттық құрамада ауыр салмақта мықты жігіттер көріне бастады. Жасөспірімдер қатарынан қосылған бұл спортшылар қазірдің өзінде лайықты нәтиже көрсетіп жүр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда мықты резерв бар.
Бұған дейін 80, 85, 90 және 90+ келі салмақ дәрежелерінде белгілі бір қиындықтар бар еді. Соған қарамастан Нұрсұлтан Қыстаубай, Жалғас Утебеков және Владислав Саможонов өз әлеуеттерінің жоғары екенін дәлелдеді. Тек аз ғана сәттілік жетіспеді. Кішігірім техникалық қателіктер болғанымен, бұл жігіттер болашағынан үлкен үміт күттіреді. Олар бірінші рет халықаралық жарысқа қатысып отыр. Әзірге тәжірибелері аз», — деді аға жаттықтырушы.
Айта кетейік, Таиландта өткен Futures Cup 2026 жылы Дакарда (Сенегал) өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына дейінгі циклдің бастауы болды. Осыған байланысты Бақыт Сәрсекбаев жолдамалардың қалай бөлінетіні туралы айтып берді.
«Бұл жарыста Олимпиада жолдамалары сарапқа салынбады. Лицензияларды Халықаралық Олимпиадалық комитеті елдерге өзі бөледі. Бізге қанша жолдама берілетінін нақты айту қиын. Себебі бұл шешім толықтай ХОК-тың құзырында. Дегенмен Африка құрлығындағы елдерге басымдық беріледі. Себебі дүбірлі дода Сенегалда өтеді. Бұл турнир фестиваль форматында ұйымдастырылмақ. Сондықтан әзірге ХОК-тың ресми шешімін күтеміз. Ал Таиландтағы турнирді жалпы деңгейіне қарай кіші әлем чемпионаты деуге болады. Себебі оған 77 елдің спортшылары қатысты», — деді маман.
Сонымен қатар аға жаттықтырушы Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын құрам қалай жасақталатыны туралы айтты.
Ал құрамды федерация және бапкерлер штабымен бірлесе отырып жасақтаймыз. Кімді жіберу керектігі олимпиадалық циклдегі нәтижелерге байланысты белгілі болады. Алда әлі Азия және әлем чемпионаты бар. Негізгі іріктеу сол жарыстардың қорытындысы бойынша жасалады. Оның үстіне, Олимпиада бағдарламасына барлық салмақ дәрежелері кірмеуі мүмкін. Қай салмақтар енгізілетіні де ХОК шешіміне байланысты.
Біздің басты мақсатымыз — желтоқсан айында өтетін әлем чемпионаты. Сол жерде Олимпиадаға баратын негізгі құрам айқындалады”, — деді бапкер.
Бұдан бөлек, аға жаттықтырушы ұлттық құраманың алдағы жоспарларымен бөлісті.
Әлем біріншілігіне дейін Азия чемпионаты өтеді. Сондай-ақ Саттарханов атындағы дәстүрлі іріктеу турнирі бар. Бұл додада ел ішіндегі көптеген спортшы бақ сынайды. Алайда Таиландтағы турнирдің финалистері оған қатыспайды. Себебі дайындыққа уақыт жеткіліксіз.
Қазіргі таңда құрамды толық саралап, әр салмақ дәрежесі бойынша нақты талдау жасау қажет. Жалпы көрініс белгілі болғанымен, кейбір салмақтарда мәселелер бар. Сол себепті алдағы уақытта дәл осы салмақтарға ерекше назар аударылады», — деп түйіндеді Бақыт Сәрсекбаев.
